Атырау облысына жұмыс сапары кезінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін болашақ зауыттың құрылыс алаңына барды. Ол жобаны іске асырудың қазіргі жай-күйімен танысып, «Силлено» ЖШС-нің жобалау командасымен және Tecnimont компаниясымен бірқатар кездесу өткізді.

Бүгінгі таңда пиролиз қондырғысының құрылыс алаңында қада қағу және іргетасын орнату жұмыстары жалғасуда: 15 038 қаданың 9 216-сы қағылды (61%), 1 977 текше метр бетон құю жұмыстары орындалды (2025 жылға арналған жоспар — 5 000 м³).

2025 жылдың қазан айында пиролиз қондырғысында инженерлік желілерді монтаждау, қараша айында негізгі эстакадаға арналған құрастырмалы темірбетон конструкцияларын монтаждау іс-шаралары басталады. 2026 жылдың көктемінде пиролиз қондырғысы үшін ұзақ уақыт жасалатын жабдықтың алғашқы легін жеткізу жоспарланған.

Полимерлеу қондырғысы мен жалпы шаруашылық нысандарын салу жөніндегі EPC-мердігерлердің бірі — Tecnimont компаниясымен кездесу барысында жергілікті қамтуды дамыту мәселелері талқыланды.
Асхат Хасеновтің айтуынша, жобаны іске асыруда отандық өндірушілер мен жеткізушілердің қатысуы аса маңызды. Себебі бұл отандық бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға және елімізде мұнай-газ химиясы саласын дамыту жолында ұзақ мерзімді үлес қосуға жол ашады.

Зауытты пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған.