Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін Силлено зауытының құрылыс алаңына барды.
«Силлено» ЖШС бас директоры Мұхтар Авутбаев өңір басшысын жобаның іске асу барысымен, құрылыс-монтаж жұмыстарымен, ірі габаритті технологиялық жабдықтарды жеткізу және монтаждау жұмыстарымен, қазақстандық компаниялардың жобаға қатысуы, сондай-ақ жобаны одан әрі іске асыру жоспарларымен таныстырды.
Бүгінде жобадағы жалпы прогресс 40,9% деңгейінде. Пиролиз, полимерлеу және зауыттың жалпышаруашылық нысандарында құрылыс-монтаж жұмыстары, атап айтқанда, ғимараттар мен нысандарды салу, инженерлік желілерді тарту және технологиялық жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Жоба бекітілген кестеге сәйкес іске асуда.
Пиролиз қондырғысында ғимараттар, жабдықтар мен эстакадалар негізіне іргетас құю, металл конструкцияларды монтаждау және технологиялық құбырларды префабрикациялау жұмыстары жалғасуда.
Құрылыстың маңызды кезеңдерінің бірі – биіктігі 101,8 метр болатын этилен фракциялау бағанасын орнату болды. Бұл – жобада орнатылған алғашқы ірі габаритті технологиялық жабдық. Бағананың Атыраудағы «АтырауНефтеМаш» зауытында жасалғаны ерекше маңызға ие. Бұл өңірдің өндірістік әлеуетін және отандық кәсіпорындардың ірі мұнай-газ химиясы жобасын іске асыруға қосқан үлесін көрсетеді. Сонымен қатар пештер мен криогендік резервуарларды монтаждау жалғасуда.
Полимерлеу қондырғысы мен зауыттың жалпышаруашылық нысандарында қада қағу және іргетас құю жұмыстары жүргізілуде.
Жоба аясында жергілікті қамтуды дамытуға ерекше назар аударылады. Ірі мұнай-газ химиясы жобасын іске асыруға 40-қа жуық қазақстандық компания тартылған. Отандық компаниялармен жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 1,2 млрд АҚШ долларынан асады. Атыраулық кәсіпорындар технологиялық жабдықтар мен құрылыс материалдарын жеткізіп, инженерлік іздестіру және құрылыс-монтаж жұмыстарына қатысуда.
Құрылыс алаңына 5 000-нан астам адам және 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстары қызған кезеңінде 15 000-ға жуық адамды тарту жоспарланып отыр. Ал зауыт пайдалануға берілгеннен кейін 1 000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Болашақ мамандардың дайындығы қазірдің өзінде жүріп жатыр: жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері арасынан, оның ішінде Атырау облысының жас мамандарынан кадрлық резерв қалыптасады.
EPC мердігерлер білім беру бағдарламаларын іске асыруды жалғастыруда. Төрт жыл ішінде техникалық жоғары оқу орындарының 140-қа жуық студенті мен түлегі Испания мен Италияда білім алады. Алғашқы лек құрамында Атырау облысынан 30-дан астам жас маман білім алды.
Компания сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Атырау облысын көгалдандыру жұмыстарын жалғастырады. Силлено осыған дейін 2 000 ағаш көшетін отырғызды. Ай соңына дейін тағы 1 000 көшет отырғызатын болады.









