«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Силлено компаниясы Атырау облысын көгалдандыру жұмыстарына белсенді түрде атсалысып келеді.
2026 жылы компания Еркінқала ауылдық округінің аумағында барлығы 2 000 түп шаған көшетін отырғызды. Оның 1 000 түбі көктемде Еркінқала орталық саябағына егілді. Күзгі маусымда 15-көшеде орналасқан арнайы қоршалған аумаққа тағы 1 000 түп көшет отырғызылды. Ағаш отырғызу жұмыстарына жергілікті әкімдік өкілдері мен Еркінқала тұрғындары да қатысып, экологиялық бастамаға өз үлестерін қосты.
Компанияның көгалдандыруға бағытталған бастамасы 2025 жылы қолға алынған болатын. Сол жылы Атырау қаласындағы Балықшы саябағына және қаланың үш мектебінің аумағына барлығы 1 000 түп көшет егілді. Осылайша, екі жыл ішінде Силлено бастамасымен Атырау қаласы мен оған іргелес аумақтарда жалпы саны 3 000 түп көшет отырғызылды.
Көгалдандыру жұмыстары қоршаған ортаны қорғауға, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы әрі жасыл орта қалыптастыруға бағытталған. Компания алдағы уақытта да өңірдегі экологиялық бастамаларды қолдап, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр.






