Атырау облысына жұмыс сапары аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Қанат Шарлапаев жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін «Силлено» зауытының құрылыс алаңына барды.

«Силлено» ЖШС бас директоры Мұхтар Ауытбаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысын жобаның іске асырылу барысымен, құрылыс-монтаж жұмыстарының қазіргі жай-күйімен және қазақстандық компаниялардың жобаға қатысуымен таныстырды. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

«Силлено» ЖШС мен «Атамекен» ҰКП бірқатар бағыт бойынша ынтымақтастықты дамытып келеді. Олардың қатарында салалық заңнаманы жетілдіру, мұнай-газ химиясы саласындағы әкімшілік кедергілерді азайту, сондай-ақ жергілікті қамтуды дамыту мәселелері бар. Қазақстандық өндірушілерді қолдауға және шағын және орта бизнес субъектілерінің жобаға қатысу аясын кеңейтуге ерекше назар аударылуда.

Бүгінгі таңда қазақстандық компаниялармен жалпы сомасы 1 млрд 205 млн АҚШ долларын құрайтын келісімшарттар жасалды. Отандық кәсіпорындар жобаны іске асырудың барлық кезеңдеріне – жобалаудан, жабдықтар мен материалдар өндіруден бастап құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға дейін қатысуда.

Елімізде полиэтилен өндірісін дамыту жаңа өңдеу өндірістерінің пайда болуы, жеткізу тізбектерінің кеңеюі және отандық кәсіпорындардың тауарлары мен қызметтеріне сұраныстың артуы есебінен шағын және орта бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.

Полиэтилен – әлемдегі ең сұранысқа ие полимерлердің бірі. Ол құрылыс, медицина, автомобиль өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, халық тұтынатын тауарлар өндірісі және басқа да салаларда кеңінен қолданылады.