«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары кезінде жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін «Силлено» зауытының құрылыс алаңына барды.

Қазіргі уақытта алғашқы ірі габаритті жабдықты монтаждауға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазақстандық «АтырауНефтеМаш» зауытында жасалған пиролиз қондырғысының фракциялау бағанасының биіктігі 101,8 метр, диаметрі 7,5 метр, ал салмағы шамамен 1 500 тоннаны құрайды.

Оны монтаждау үшін Атырау облысына 4 000 тоннаға дейін жүкті көтеруге қауқарлы әлемдегі ең ірі шынжыр табанды крандардың бірі жеткізілді. Кран құрылыс алаңында құрастырылды.

«Силлено» ЖШС бас директоры Мұхтар Авутбаев бастаған компания басшылығы Асхат Хасеновке жобаның ағымдағы мәртебесі, құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы және оны одан әрі іске асырудың негізгі кезеңдері туралы баяндады.

Этилен өндірілетін пиролиз қондырғысында ғимараттар, жабдықтар мен эстакадаларға іргетастар құю (57%), металл конструкцияларын монтаждау және технологиялық құбырларды алдын ала дайындау жұмыстары жалғасуда. Пештер мен криогендік резервуарларды монтаждау басталды. Құрылыс алаңына алғашқы ірі габаритті жабдықтар жеткізілді.

Полимерлеу қондырғысы мен зауыттың жалпы шаруашылық нысандарын салу үшін қадалар қағу (74%) және іргетас құю жүргізілуде.

Жобаның ілгерлеу көрсеткіші 36% құрады. Барлық жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде.

Жобаның маңызды көрсеткіші – құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғаннан бері өндірістік жарақатсыз және жұмыс уақытын жоғалтусыз (LTI) 6 миллион адам-сағат тіркелді. Құрылыс алаңында 3 400-ден астам адам еңбек етіп, 600 арнайы техника жұмылдырылған.

Жобаны іске асыру барысында жергілікті қамтуды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде қазақстандық компаниялармен жалпы сомасы 1 млрд 205 млн АҚШ долларын құрайтын келісімшарттар жасалды. Олар жобаны іске асырудың барлық кезеңінде – жобалау мен жабдықтар және материалдар өндіруден бастап құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындауға дейін қатысатын болады.