Атырауда Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласы үшін болашақ инженерлер мен техникалық мамандарды даярлауға бағытталған халықаралық білім беру бағдарламасы – MAIRE Jaryq академиясының алғашқы түлектерінің оқуды аяқтауына арналған іс-шара өтті.
Алғашқы 19 қатысушы – Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттері MAIRE (Tecnimont) халықаралық инжинирингтік компаниясы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ бірлесіп жүзеге асырған алты айлық бағдарламаны сәтті аяқтады. Компания – Атырау облысындағы ірі мұнай-газ химиясы жобаларын, соның ішінде полиэтилен зауыты мен Газ сепарациялау кешенінің құрылысын іске асырудағы стратегиялық серіктес.
Студенттер үшін оқу екі кезеңнен тұрды. Алты ай бойы олар Атыраудағы Tecnimont кеңсесінің базасында теориялық білім алып, Силлено полиэтилен өндіру зауытының құрылыс алаңында мұнай-газ химиясы жобаларын іске асырудың практикалық қырларымен танысты.
Қазіргі уақытта бағдарламаның екінші легі оқуға кірісті. Оның құрамына Назарбаев Университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті және Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің 20 түлегі енді.
Оқу үш кезеңнен тұрады. Теориялық дайындық Атырауда өтті. Одан кейін қатысушылар Миландағы MAIRE (Tecnimont) базасында оқуын жалғастырып, заманауи инженерлік шешімдерді зерделеді және Еуропаның жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі – Politecnico di Milano-да дайындықтан өтті. Қорытынды кезең компанияның Мумбайдағы (Үндістан) инженерлік орталығында өтеді. Онда студенттер MAIRE компаниясының ірі инженерлік хабтарының бірінде тәжірибесі жинайды. Оқудың үшінші легі қыркүйек айында басталады деп жоспарланған.
Бағдарламаның алғашқы жылында 60 жас маман қамтылады, ал төрт жыл ішінде оған шамамен 240 студент қатысады.
Оқу қорытындысы бойынша түлектер Қазақстандағы полиэтилен зауыты пен Газ сепарациялау кешенінің құрылысын қоса алғанда, ірі жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндігіне ие болады.




