«Силлено» полиэтилен өндіру зауытының құрылыс жобасы аясында пиролиз қондырғысының EPC-мердігері Tecnicas Reunidas (TR) компаниясы жүзеге асырып жатқан TRAiming the Future білім беру бағдарламасының екінші легі басталды.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанның жетекші техникалық жоғары оқу орындарының 31 студенті алты айлық даярлау бағдарламасына кірісті. Қатысушылар TR компаниясы ұйымдастырған көпсатылы іріктеу нәтижесінде таңдалып алынды. Байқауға барлығы 140 үміткер қатысты. Бағдарламаға

Nazarbayev University, Қазақстан-Британ техникалық университеті (KBTU), Satbayev University, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы (ҚазБСҚА) және Yessenov University студенттері қатысуда. Оның ішінде 15 қатысушы – Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттері.

Бағдарлама екі кезеңнен тұрады: теориялық және практикалық. Алғашқы үш айда қатысушылар онлайн форматта білім алады, одан кейін Tecnicas Reunidas компаниясының Мадрид қаласындағы бас кеңсесінде тағылымдамадан өтеді. Болашақ инженерлер халықаралық EPC-жобаларды іске асыру қағидаттарын меңгеріп, компания мамандарының жетекшілігімен негізгі инженерлік бағыттар бойынша білім алады. Бағдарлама толықтай Tecnicas Reunidas компаниясының қаржыландыруымен жүзеге асырылады.

Бағдарламаның алғашқы легі өзінің жоғары тиімділігін көрсетті: 31 студент оқуды сәтті аяқтап, олардың 22-сі Tecnicas Reunidas компаниясынан жұмысқа орналасу туралы ұсыныс алды. Бүгінде жас мамандардың бір бөлігі Атыраудағы «Силлено» зауытының құрылыс жобасында еңбек етсе, қалғандары компанияның Мадридтегі бас кеңсесінде жұмыс істеуде.

Бағдарламаны іске асырудың төрт жылы ішінде халықаралық стандарттар бойынша практикалық тәжірибе жинақтап, Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласының дамуына үлес қоса алатын 120-дан астам жас қазақстандық инженерді даярлау жоспарланып отыр.