«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары кезінде мұнай-газ химиясы жобаларын іске асырудың қазіргі жағдайы, құрылысты жүргізудің бекітілген кестесін сақтау және отандық кәсіпорындарды тарту арқылы қазақстандық қамту үлесін ұлғайту туралы есепті тыңдады.
«Силлено» ЖШС бас директоры Мұхтар Авутбаев жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысының барысы туралы баяндады.
Қазіргі уақытта жұмыстар екі негізгі технологиялық қондырғыда жүріп жатыр. Жобаның жалпы ілгерілеу көрсеткіші 28% асады.
Пиролиз қондырғысында қада қағу аяқталуда (96%), іргетас құю (33%) және құбыр эстакадаларын орнатуға арналған жерүсті құрастырмалы темірбетон конструкцияларын монтаждау (24%) іс-шаралары жалғасып жатыр. 2026 жылдың сәуірінен бастап негізгі эстакаданың металл конструкцияларын монтаждау жүргізілуде, мамыр айында құбырларды префабрикация әдісімен алдын ала дайындау басталды.
Жобаны іске асыру үшін отандық өндірушілер мен жеткізушілердің қатысуы маңызды. Биыл ірі габаритті жабдықтардың алғашқы легі, оның ішінде салмағы 1,5 мың тоннаға жуық және биіктігі 101 м болатын этиленді фракциялау бағаналары жеткізіліп, монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Олар АтырауМұнайМаш зауытында дайындалуда.
Полимерлеу қондырғысының учаскесінде және зауыттың жалпышаруашылық нысандарының жер жұмыстары (26%) және қада қағу (37%) жалғасуда.
Бүгінде алаңда 1700-ден астам адам еңбек етіп, 300-ден аса техника жұмылдырылған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының негізгі көлемін қазақстандық компаниялар орындауда.
Зауытты пайдалануға беру және алғашқы өнімді шығару 2029 жылға жоспарланып отыр.


