Бүгін Силлено компаниясы С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің бітіруші курс студенттері арасында алғашқы пилоттық тестілеу өткізді.

Тестілеудің мақсаты – болашақ мамандардың білім деңгейін және полиэтилен зауытын пайдалану кезінде жоба операторы Силлено компаниясының операциялық блогында жұмыс істеуге дайындығын анықтау.

Алғашқы іріктеу кезеңіне «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» және «Мұнай және газ өнеркәсібінің машиналары мен жабдықтары» мамандықтарының 4-курс студенттері қатысты. Тест «Технология» және «Механика» бағыттары бойынша жүргізілді.

Білім деңгейі жеткілікті студенттер келесі кезеңге – «Силлено» ЖШС конкурстық комиссиясымен сұхбатқа шақырылады. Іріктеуден сәтті өткен үміткерлерге университетті аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасу ұсынылады.

Аталған іс-шараны аймақтың басқа да серіктес оқу орындарында (С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі, APEC Petrotechnic жоғары колледжі және Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі) өткізу жоспарда.