Қазақстандық инженерлер Tecnicas Reunidas (TR) компаниясының Мадрид қаласындағы бас кеңсесінде оқу бағдарламасының тәжірибелік кезеңін бастап кетті. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен бірлесе жүзеге асырылып жатқан бағдарлама инжиниринг және жобаларды басқару саласында отандық мамандарды даярлауға бағытталған.
Бағдарламаның алғашқы теориялық кезеңі онлайн форматта өтіп, жобалық инжиниринг негіздерін қамтыды. Екінші модуль Испанияда компанияның салалық департаменттерінде тәжірибеден өтуге бағытталған. Жыл соңына дейін қатысушылар алған білімдерін тәжірибеде қолдана отырып, ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асырудың заманауи әдістерін меңгереді. Бағдарламаны толығымен TR қаржыландырады.
Бірінші ағымның жартысын атыраулық жоғары оқу орындарының түлектері құрайды: Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен APEC PetroTechnic жоғары колледжі. Сонымен қатар, қатысушылар қатарында Қазақ-Британ техникалық университеті (Алматы), Nazarbayev University (Астана), Satbayev University (Алматы) және Yessenov University (Ақтау) студенттері бар.
Барлық қатысушылар химиялық, құрылыс, экологиялық, механикалық және аэроғарыштық инженерия, сондай-ақ процестерді автоматтандыру және басқару сияқты бағыттар бойынша инженерлік білімге ие.
Тәжірибелік кезең қазақстандық мамандарға кәсіби құзыреттерін арттыруға, халықаралық тәжірибе алуға және ірі жобаларға қатысуға дайындалуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аяқталған соң үздік түлектер Силлено жобасына – Атырау облысында салынып жатқан полиэтилен зауытының құрылысы жобасына немесе Tecnicas Reunidas компаниясының әлемдік жобаларына қосыла алады.
Tecnicas Reunidas – Атырау облысындағы жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыттың пиролиз қондырғысының құрылысына жауапты EPC-мердігерлердің бірі. Испаниялық инженерлік компания әлем бойынша мыңнан астам өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асырған.

