Атырау облысының қоғамдық ұйымдарының өкілдері өңірдегі полимер шикізатын өңдеумен және дайын өнім шығарумен айналысатын кәсіпорындарды аралады.

«Гранд Материк» ЖШС-де қатысушылар қуаты жылына 5 мың тонна полиэтилен қаптамасын өндіретін болашақ кәсіпорынмен танысты. Қазіргі уақытта жабдықтар орнатылып, сынақтан өтуде. Шикізат әзірге Ресейден импортталады, алайда кәсіпорын болашақта отандық материалды қолдануды жоспарлауда. Кәсіпорында 120 жаңа жұмыс орны ашылады, бұл өз кезегінде мұнай-газ химиясының өңір экономикасына мультипликативті әсерін көрсетеді.

Қатысушылар сондай-ақ тоқылмаған геосинтетикалық материалдар өндіретін «Интаго Қазақстан» ЖШС зауытына барды. Геотекстиль асфальтты зақымданудан қорғау үшін жол жабындарының астына төселеді, сондай-ақ ғимараттардың іргетасын нығайту, дренаждық жүйелерді салу және жасанды су айдындарын жасау үшін пайдаланылады. Кәсіпорын «ҰИМТ» арнайы экономикалық аймағында орналасқан.

Полимер шикізатын өңдеушілер өндіріс технологиясы туралы айтып, болашақта отандық шикізатқа көшудің маңызын атап өтті.