16 қазанда Орал қаласында Мұнай-газ машина жасау форумы және Операторлардың ашық есік күні өтті. Іс-шараны Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық (IMBC) Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараға мұнай-газ және мұнай-газ химиясы компанияларының, отандық жабдық өндірушілердің, салалық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдерін қоса алғанда, 800-ден астам адам қатысты.

Бағдарламада ірі жобалар мен қазақстандық өндірушілер арасындағы тікелей өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған Операторлардың ашық есік күніне ерекше орын берілді. Іс-шара аясында Силлено өкілдері жоспарланған сатып алуларға, техникалық талаптарға және әлеуетті жеткізушілердің қатысу шарттарына арналған арнайы сессия өткізді.

B2B-кездесулер барысында отандық компаниялар Силлено өкілдерімен серіктестік мүмкіндіктерін тікелей талқылап, жобаның сатып алу рәсімдері туралы ақпаратпен танысуға мүмкіндік алды.

Силлено полиэтилен өндіру зауытының құрылысы жобасын іске асыруға отандық бизнестің қатысуын жүйелі түрде арттырып келеді. Бүгінде ірі мұнай-газ-химия жобасын жүзеге асыруға 40-қа жуық қазақстандық компания тартылған. Олармен жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 1,2 млрд АҚШ долларынан асады. Отандық кәсіпорындар жобалау, жабдықтар мен материалдар өндіру, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау бағыттарына қатысуда.