Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін Силлено зауытының құрылыс алаңына келді.
Жоба Мемлекет басшысының елімізде мұнай-газ химиясы кластерін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылуда. Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ең ірі жобалардың бірін жүзеге асыру елде сұранысқа ие полимер өнімдерінің импортын алмастыруға және қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Силлено» ЖШС бас директоры Мұхтар Авутбаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасарына жобаны іске асыру барысы, құрылыс-монтаж жұмыстары және құрылыстың келесі кезеңдері туралы баяндады.
Нұрлыбек Нәлібаев өз кезегінде құрылыс жұмыстарының қарқынын атап өтіп, жобаның мұнай-газ химиясы саласы мен ел экономикасын дамытудағы стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
Жоба аясында жергілікті қамтуды дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Болашақ зауытқа арналған ең ірі технологиялық жабдықтарды дайындауға тапсырыстар отандық «АтырауНефтеМаш» кәсіпорнына берілді. Атап айтқанда, биіктігі 101 метр, салмағы шамамен 1,5 мың тонна болатын бағана сынақтан сәтті өтіп, Силлено құрылыс алаңына жөнелтуге дайындалуда.
Полиэтилен – әлемдегі ең көп сұранысқа ие полимерлердің бірі. Ол құрылыс, медицина, автокөлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тұтыну тауарларын өндіру және басқа да көптеген салаларда кеңінен қолданылады.


