«Силлено» ЖШС Атырау облысында жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін болашақ зауытты азот және сығылған ауамен қамтамасыз ету мақсатында «Эр Ликид Карабатан Тех Газдары» ЖШС-мен (АЛКТГ) ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды.

Келісім аясында АЛКТГ тазалығы жоғары азот өндіретін екі заманауи әрі энергия тиімді ауа бөлу қондырғысын (АБҚ) салып, пайдалануға береді. Кешен Орталық Азиядағы өнеркәсіптік газ өндіретін ең ірі нысандардың біріне айналады.

Жобаға салатын инвестиция көлемі – 70 млн еуро. Нысан Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында, Силлено зауытына жақын жерде орналасады.

Техникалық газдарды жеткізу үшін кешеннің дайындығы 2028 жылдың соңына жоспарланған. Жобаны іске асыру барысында жергілікті қамтуды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылады.

«Бұл – Силлено үшін маңызды келісім. Air Liquide ҚазМұнайГаз компаниялар тобының бұрыннан келе жатқан серіктесі және компанияның өнеркәсіптік газдарды жеткізу саласында халықаралық тәжірибесі мол. Келісімшарт бәсекелі іріктеу нәтижесінде жасалып, жоба аясында ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін қалайды», – деп атап өтті «Силлено» ЖШС бас директоры Мұхтар Авутбаев.

Сығылған ауа мен азот технологиялық процестерде кеңінен қолданылады, сондай-ақ болашақ полиэтилен зауытының реттеу жүйелері, автоматтандыру құралдары және бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматикасының жұмысы үшін қажет.

Анықтама үшін:


«Силлено» ЖШС – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (40%), Sinopec (30%) және СИБУР (30%) компанияларының бірлескен кәсіпорны. Компания Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ химиясы жобаларының бірі – жылдық қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысын жүзеге асырады. Нысан Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан.

«Эр Ликид Карабатан Тех Газдары» ЖШС (АЛКТГ) – 2016 жылы құрылған «Эр Ликид Мұнай Тех Газдары» ЖШС-нің (АЛМТГ) еншілес компаниясы. АЛМТГ – Air Liquide (75%) пен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (25%) бірлескен кәсіпорны.