Атыраудағы Еркінқала елдімекенінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында болашақ саябақ аумағын көгалдандыру жұмысы басталды.

Бастама Атырау қаласы әкімдігі мен «Силлено» ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асырылып, өңірде жасыл аймақтарды дамытуға және қалада қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Іс-шараға Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы Айбек Кадралиев, «Силлено» ЖШС бас директоры Мұхтар Авутбаев, Еркінқала ауылдық округінің әкімі Мәлік Сағидоллаұлы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмаден Шәріпов және Еркінқала қоғамдық кеңесінің төрағасы Көпберген Күншығаров қатысты.

Іс-шара барысында болашақ «Еркінқала» саябағының шамамен 2 гектар аумағында 1000 түп шаған ағашын отырғызу басталды. Компания аумақты қоршау жұмыстарын да жүргізуде.

Жалпы, 2026 жылы «Силлено» 2000 түп ағаш отырғызуды жоспарлап отыр: оның 1000-ы болашақ саябақ аумағында, қалған 1000-ы күзде компанияның экологиялық бастамасы аясында отырғызылады.

«Силлено» ЖШС бас директоры Мұхтар Авутбаевтың айтуынша, экология мәселесі компания қызметінде маңызды бағыттардың бірі:

«Атырау – біздің ортақ үй. Оны таза әрі өмір сүруге қолайлы ету – ортақ міндетіміз. «Силлено» экологиялық бастамаларды және «Таза Қазақстан» акциясын толық қолдайды. Біз биыл былтырғы межені арттырып, 2000 түп ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Жаңа саябақ тұрғындар үшін тартымды орынға айналып, қалада қолайлы демалыс орындарының дамуына өз үлесін қосады деп сенеміз».

Сонымен қатар, компанияның 100-ден астам қызметкері мен серіктесі Қарабатанда, полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы жүріп жатқан «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» аумағында өткен сенбілікке қатысты.

Бұған дейін, 2025 жылы компанияның экологиялық жобалары аясында қалада №42, 43, 44-мектептердің аумағында, сондай-ақ Балықшы саябағында 1000 түп ағаш отырғызылған болатын.

Мұндай жобаларды іске асыру өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға, сондай-ақ қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға ықпал етеді.