«Силлено» ЖШС және Karl Schmidt Spedition GmbH & Co (KSS) Атырау облысында полиэтилен өндіру зауытын салу жобасы аясында логистикалық кешенді іске асыруға арналған EPC-келісімшартқа қол қойды. Құжатқа қол қою рәсіміне «Силлено» ЖШС бас директоры Мұхтар Авутбаев және SCHMIDT Group бас директоры Томас Шмидт қатысты.
Жобаны іске асыру Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ірі логистикалық кешендердің бірін салуға мүмкіндік береді.
KSS логистикалық кешенді жобалау мен жабдықтауды жүзеге асырып, құрылысын жүргізеді. Аталған кешен болашақ кәсіпорын инфрақұрылымының негізгі элементтерінің біріне айналады.
Силлено логистикалық кешені жылына 1,25 млн тоннаға дейін полиэтилен түйіршіктерін қабылдауға, оларды қаптауға, сақтауға және тұтынушыларға жөнелтуге арналған. Өнім ішкі нарыққа және экспортқа теміржол және автомобиль көлігі арқылы жеткізіледі.
Кешен құрамына 11 нысан кіреді, оның ішінде сақтауға арналған силос блогы, өнімді қаптау, паллеттеу және сақтауға арналған негізгі ғимарат, дайын өнім және қосалқы материалдар қоймасы, жөнелту аймақтары, оператор бөлмесі бар әкімшілік-тұрмыстық корпус, контейнер терминалы, контейнерлерді жөндеу цехы, ашық алаңдар, сондай-ақ трансформаторлық қосалқы станция бар.
Нысанды 2028 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған.
Жоба аясында процестерді автоматтандыруға және логистикалық операциялардың тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи цифрлы шешімдер қарастырылған.
Ақпарат үшін:
Karl Schmidt Spedition GmbH & Co (SCHMIDT Group) – сусымалы жүктер логистикасы саласындағы жетекші халықаралық операторлардың бірі. Компания тасымалдау, сақтау және өнімді өңдеуді қамтитын толық қызметтер кешенін ұсынады, сондай-ақ сусымалы материалдарға арналған логистикалық инфрақұрылымды салуда үлкен тәжірибеге ие. SCHMIDT Group 75 жылдан астам уақыттан бері әлем бойынша 49 алаңда қызметін жүзеге асырады, компания иелігінде 1 300-ден астам техника бірлігі мен 7 000 контейнер бар. (Қосымша ақпарат www.schmidt-heilbronn.de сайтында қолжетімді).




