Италиялық MAIRE (Tecnimont) инжиниринг компаниясы жас инженерлер мен техникалық мамандарды даярлауға бағытталған Jaryq Academy білім беру бағдарламасын іске қосты. MAIRE (Tecnimont) – Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан ірі мұнай-газ химиясы жобаларында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ серіктесі.

Бағдарламаның алғашқы легі Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің 20 студентінен құралды, олар 60-тан астам үміткердің ішінен іріктелді. Шілде айына дейін қатысушылар теориялық және тәжірибелік сабақтар өтеді. Практикалық дайындық Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан мұнай-газ химиясы жобалары – полиэтилен өндіру зауыты (Силлено) және Газ сепарациялау кешенінің (KMG PetroChem) құрылыс алаңдарында ұйымдастырылады. Сонымен қатар студенттер бизнес және техникалық бағыттар бойынша да білім алады.

Бұдан бөлек, MAIRE (Tecnimont) және Nazarbayev University білім беру, ғылыми зерттеулер, адами капиталды дамыту және инновациялар саласында ынтымақтастық туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл келісім отандық жас мамандарға MAIRE компаниясының халықаралық жобаларына қатысу мүмкіндігін береді.

Анықтама:
Maire Tecnimont S.p.A. – болашақ полиэтилен зауытының полимерлеу қондырғысы мен зауыттың жалпы шаруашылық нысандарының, сондай-ақ Газ сепарациялау кешенінің EPC-мердігері.