Атырау облысында полиэтилен зауытының құрылысы аясында ірі тоннажды әрі ірі габаритті жабдықтарды тасымалдаудың алғашқы кезеңі басталды. 2026 жылғы теңіз және өзен навигациясы жоба логистикасы үшін шешуші кезең болмақ.
Болашақ зауыттың пиролиз қондырғысына арналған жабдықтардың бірінші бөлігі жолға шықты. Жүктің жалпы салмағы – 11 760 фрахт тоннасы (шамамен 200 жүк тиелген теміржол вагонының салмағына тең). Құрамында реакторлар, сепараторлар және бағаналарды қоса алғанда, барлығы 9 сыйымдылық түріндегі жабдық бар.
Логистикалық операция 13 наурызда Шанхай портында жабдықтарды теңіз кемесіне тиеуден басталды. Жол бағыты күрделілігі мен ұзақтығы жағынан ерекшеленеді: кеме Түркиядағы Хайдарпаша портына бағыт алады, онда жабдық «өзен-теңіз» типіндегі екі кемеге қайта тиеледі. Одан әрі жүк Еділ-Дон каналы арқылы өтіп, Каспий теңізін кесіп өтіп, Қазақстандағы Ерсай портына жеткізіледі. Келу мерзімі 2026 жылдың маусым айына жоспарланған.
Алғашқы партиядағы ең ірі жабдық – дымқыл факел газының сепараторы (Wet Flare Knock Out Drum). Оның салмағы – 347 тонна, ал ұзындығы 43 метрден асады, бұл шамамен 12 қабатты ғимараттың биіктігіне тең.
Импорттық тауарлармен қатар Қазақстанда да ірі тоннажды жабдықтардың өндірісі жалғасуда. Биыл «АтырауНефтеМаш» кәсіпорнында салмағы 1 470 және 700 тонна болатын бағаналар өндірісін аяқтап, құрылыс алаңына жеткізу жоспарланған. Бұл бағаналар болашақ зауыттың ең ірі конструкцияларының біріне айналады.
Әлемдік өндірушілердің жоғары технологиялық жабдықтарын қолдану болашақ кәсіпорындағы технологиялық процестердің бірегейлігімен байланысты.






