10 қазан күні Ақтауда Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық (IMB Орталығы) пен Энергетика министрлігі бірлесе ұйымдастырған дәстүрлі форум өтті.
Іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, ірі жобалар операторлары мен отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Форум барысында қатысушылар жергілікті қамту үлесін арттыру шараларын және қазақстандық өндірушілерді ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға тарту мәселелерін талқылады.
Силлено компаниясының бас директоры Мұхтар Авутбаев өз сөзінде еліміздегі ең ірі мұнай-газ-химия жобасы – полиэтилен зауытының құрылысы туралы баяндады. Ол сондай-ақ компанияның отандық жеткізушілермен ынтымақтастыққа дайын екенін және IMB Орталығымен жүргізіліп жатқан жұмысқа жеке тоқталды.
Форум аясында Теңізшевройл (ТШО), Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC, Карашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. (ҚПО), Kalamkas Khazar Operating (ККО), Силлено және KMG PetroChem компанияларының қатысуымен «Ашық есік күні» өтті. Іс-шара барысында ірі жобаларды жүзеге асыруға қажет тауарлар мен жабдықтар таныстырылды. Силлено компаниясының жабдықтау мамандары сатып алу рәсімдері туралы айтып, отандық өндірушілер мен қызмет жеткізушілердің сұрақтарына жауап берді.
Бұған дейін биыл қыркүйек айында «Полиэтилен» жобасы бойынша отандық компаниялардың қатысуымен өткен форумда Силлено IMB Орталығы қауымдастығына мүше болу туралы келісімге қол қойған болатын. Форум мұнай-газ-химия саласына керек жабдықтар өндірісін дамыту мүмкіндіктерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Іс-шараға еліміздің 500-ден астам компаниясынан 700-ден астам қатысушы жиналды.




