Атырау облысында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ең ірі жобалардың бірі – жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы жалғасуда.
Бүгін құрылыс алаңына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов барды. Ол жобаның іске асырылу барысы мен негізгі кезеңдерімен танысты.
Этилен өндірілетін пиролиз қондырғысында қада қағу жұмыстарының 50%-ға жуығы орындалды: 15 038 қаданың 7 437-сі қағылды. Сонымен қатар, іргетас құю жұмыстары басталды. Құрылыс алаңында уақытша инфрақұрылым, атап айтқанда кеңселер, жатақхана және қызметкерлерге арналған асхана салынып жатыр.
Пиролиз қондырғысының ЕРС-мердігері – Tecnicas Reunidas (Испания) және Sinopec Engineering Incorporation (ҚХР) компанияларының консорциумы.
Көптеген салада кеңінен қолданылатын шикізат – полиэтилен өндірісі еліміздің импортқа тәуелділігін азайтып, қосылған құны жоғары өнім өндіруді дамытуға мүмкіндік береді. Бұл Мемлекет басшысы айқындаған мұнай-газ химиясы кластерін және шикізаттық емес экспортты дамыту жөніндегі стратегиялық басымдықтарға толық сәйкес келеді.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызы да зор. Құрылыс кезеңі қызған шақта нысанда 8 000-нан астам адам жұмыс істейді деп күтілуде, ал кәсіпорын іске қосылғаннан кейін шамамен 800 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 300-ден астам адам еңбек етуде.
Жобаны жүзеге асыру барысында отандық кәсіпорындармен серіктестік орнату жергілікті қамтуды дамытуға елеулі үлес қосады. Мысалы, пиролиз қондырғысының негізгі қондырғыларының бірі – екі бағана мен деаэраторларды «Атыраумұнаймаш» зауыты шығарады.
Зауытты пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған.
Сонымен қатар, Газ сепарациялау кешенінің (ГСК) инженерлік-жоспарлау жұмыстары басталды.
ГСК жобасы «Силлено» полиэтилен зауытын қажетті шикізатпен – жылына шамамен 1,57 млн тонна этанмен қамтамасыз етуге бағытталған. Кешен Теңіз кен орнында салынады.
Бұл – еліміз үшін бірегей жоба, себебі бұрын Қазақстанда дәл осындай ауқымда құрғақ газды (жылына 9 млрд текше метрден астам) өңдеп, одан құнды фракциялар – этан мен пропанды бөліп алу мақсатында кешен салынбаған. Бұл фракциялар «Теңізшевройл» ЖШС жеткізетін тазартылған құрғақ газдан алынатын болады.