Испаниялық Tecnicas Reunidas (TR) компаниясы қазақстандық мамандарды инжиниринг және жобаларды басқару саласында оқыту бағдарламасын бастайды.
TR — Атырау облысындағы полиэтилен өндіретін болашақ зауыттың пиролиз қондырғысын салуға жауапты EPC-мердігерлердің бірі. 2025 жылдың наурызында кешеннің алғашқы қазығы қағылды.
Инжиниринг саласында жас мамандардың біліктілігін арттыру бағдарламасы Tecnicas Reunidas компаниясы мен КазМунайГаздың серіктестігімен әзірленді. Отандық профильді университеттер де аталған бастаманы жүзеге асыруға белсенді атсалысуда.
Бағдарлама аясында инженерлік мамандықтарда білім алатын 120 қазақстандық түлек Испанияда оқып, TR компаниясының жобаларына әлем бойынша жұмысқа орналасатын болады. Бағдарлама 4 жылға жоспарланған және 2025 жылдың екінші тоқсанында басталады. Әр жыл сайын 30 түлек таңдалады. Оқу 6 айдан тұрады: 3 ай онлайн оқу және 3 ай TR компаниясының Мадридтегі кеңсесінде практикалық жұмыс.
Кандидаттарды алғашқы іріктеу 2025 жылдың сәуір-маусым айларында өтеді. Бағдарламаны толығымен TR компаниясы қаржыландырады.
Tecnicas Reunidas — әлем бойынша 1000-нан астам өнеркәсіптік жобаны іске асырған, 60 жылдық тәжірибесі бар Испанияның инженерлік компаниясы. 25 елде орналасқан компания филиалдарында 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді.




