Атырау қаласында бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар мен қоғам белсенділері полиэтиленді өңдеу саласындағы шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту мәселелерін талқылады.
Дөңгелек үстелді Атырау облысындағы полиэтилен зауыты құрылысының операторы «Силлено» ЖШС «Каспиймұнайгаз» ғылыми-зерттеу және жобалау институтының Диалог алаңында ұйымдастырды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Қазақстан 270 мың тоннадан астам полиэтилен түрлерін импорттады. Жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін жаңа зауыт ішкі нарықтың сұранысын толықтай қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтпақ.
Бүгінде Қазақстанда полиэтиленді өңдеумен айналысатын 300-ге жуық кәсіпорын бар. Негізгі өңдеуші зауыттар Алматы, Астана және Шымкент қалаларында шоғырланған. Атырау облысында 12–15 кәсіпорын полиэтилен мен полипропиленді өңдейді.
Талқылауға полимер шикізатын өңдеп, дайын өнім шығарумен айналысатын компаниялардың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, Атырау облысы іскер әйелдер кеңесінің өкілдері мен басқа тараптар қатысты.