Жұмыс сапарымен Атырау облысына барған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін Силлено зауытының құрылыс алаңында болды.
Өңдеу өнеркәсібіндегі бұл ірі жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде мұнай-газ химиясы кластерін дамыту жөніндегі тапсырмасына сай жүзеге асып жатыр.
2025 жылы 31 наурызда «Ұлттық индустриалдық мұнай-химиялық технопарк» арнайы экономикалық аймағында пиролиз қондырғысының (этилен өндіру үшін) алғашқы қазығы қағылды. Қондырғының EPC-мердігері – Tecnicas Reunidas (Испания) және Sinopec Engineering Incorporation (ҚХР) компанияларының консорциумы. Бүгінгі таңда барлығы 17 962 қаданың 5 329-ы (30%) қағылды. Бұл жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарда.
Сондай-ақ, аталған қондырғыға қажет ұзақ мерзім дайындалатын жабдықтарға (44 бірлік) толық тапсырыс берілді, оның ішінде Атыраумұнаймаш кәсіпорны екі ірі бағана мен деаэраторлар әзірлейді.
Екінші қондырғы – полимеризация (полиэтилен алу үшін) үшін EPC-мердігер ретінде Tecnimont S.p.A. (Италия) және SINOPEC Shanghai Engineering Co. (ҚХР) компанияларының консорциумы анықталды. Полимеризация қондырғысының құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айына жоспарланған.
А. Хасенов жобаның өңірдің және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңыздылығын атап өтіп, қазақстандық құрамның үлесін арттыру қажеттігін баса айтты, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Құрылыс жұмыстарына қазіргі уақытта 325 адам тартылған, ал бұл көрсеткіш құрылыс жұмыстары қызған шақта 8 000 адамнан асады. Зауыт іске қосылғаннан кейін 800 тұрақты жұмыс орны ашылады.
7 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция жұмсалатын зауыттың құрылысын 2028 жылы аяқтап, өндірісті 2029 жылы іске қосу жоспарда.
Ақпарат үшін:
Жобаны Силлено компаниясы жүзеге асырады, компания акционерлері — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (40%), Sinopec Overseas Investment Holding (30%) және «СИБУР Холдинг» АҚ (30%). 20-дан астам полиэтилен маркасын шығару жоспарда. Зауыт Қазақстанның полиэтиленге деген ішкі сұранысын қамтамасыз ете отырып, өнімдерін ТМД елдеріне, Еуропа, Қытай және Түркияға жеткізуді жоспарлап отыр.





